Деректерді ұсыну және азаматтық авиациядағы және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу қағидаларына сәйкес Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнында. Тергеп-тексерудің қырдағы кезеңі аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстанға Әзербайжан Республикасы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің делегациясы, сондай-ақ Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының өкілдері келді.
Жұмыстар Әзербайжанның авиациялық билігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Қазақстанға Embraer әуе кемесін өндіруші компания өкілдері және CENIPA (авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы, Бразилия) ұшып келеді.
Ақтау қаласына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрамында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, "Қазаэронавигация" РМК бас директоры Нұржан Ахметов келді.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!