Экономист Сапарбай Жобаев неге мемлекет жылда әр саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеріп отырғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әр жылы мемлекеттік бюджеттен қаржы алатын жұмысшылардың айлығы 8-10 пайызға көтеріледі. Кейінгі жылдары Президенттің ұсынысымен педагогтар, дәрігерлер, кітапханашы, орманшы және тағы басқа мамандардың жалақысына көңіл бөліне бастады. Ол мамандарға да мемлекеттік бюджеттен төленеді, бірақ арнаулы түрде жылда 20-30 пайызға көтеріледі. Осылайша олардың жалақысы басқа да сала қызметкерлерімен теңесіп отыр. Әрине, жалақы жылда көтеріледі, бірақ елдегі еңбек өнімділігі оны ақтау керек. Нақты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек, әйтпесе атаулы өсім болып кете бермек. Яғни тауар бағалары өсе береді, кейін оның салдары инфляцияға апарады", - дейді Жобаев.
Сарапшы еңбек өнімділігіне қатысты мысал келтірді:
"Мәселен, біз 16 миллион қой бағайық. Қой санын 20 миллионға жеткізуіміз керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы мамандарының айлығын бірнеше мәрте көтердік делік. Алайда олардың айлығын қанша көтерсек те өнім өспесе, баға көтеріліп, инфляция деңгейі арта береді", - дейді экономист.
Оның дерегінше, елімізде мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын азаматтар саны - 1,5 миллионға жуық және 2,5 миллионға жуық адам (кәсіпкер) өз-өзін қамтамасыз етеді.
"Жалпы, елімізде 9 миллионға жуық жұмыс күші бар. Онымен қоса, әртүрлі деңгейдегі кәсіпорындарын мен квазимемлекеттік компаниялар бар. Олар мемлекеттің қойған бағасымен жұмысшыларының айлығын көтеріп отырады. Осы орайда ең бастысы, - еңбек өнімділігі артуға тиіс. Сонда ғана еліміздегі инфляцияны 5 пайызға түсіре аламыз", - дейді Жобаев.
Жобаев бүгінгі таңда Қазақстанның еңбек өнімділігі өзіне сай екенін айтады.
"Біз озық мемлекеттерге жету үшін жаңа технологияларды және цифрландыруды жедел дамытуымыз керек. Мәселен, "Техаста" 2 бақташы 400 сиыр бағады. Оларда механизм әбден жетілген. Ал 50 сиырдың артынан 10 бақташы жүрсе, бұл еңбек өнімділігін төмендетеді. Сондықтан автоматтандыру және цифрландыру саласын жетілдіргеніміз жөн. Тағы бір мысал, пойыздың жылдамдығын айта кетсек... Қытай мен Еуропада сағатына 200-300 шақырым жүреді деп жатады, ал бізде ше? Өкінішке қарай әлі де баяу қозғалады. Осындай дүниелер еңбек өнімділігіне әсер етеді", - деді ол.
Сонымен қатар сарапшы қазіргі Қазақстанның ұстанып отырған экономикалық бағытын айтты.
"Қазақстанның қазіргі ұстанымы – әлеуметтік нарықтық экономика. Яғни нарықтық жүйелер мен нарықтық қатынастар болады, бірақ халықты әлеуметтік жағынан қорғаймыз. Бұл дегеніміз– көпбалалы отбасыға, жұмыссыздарға, жетім балаларға және зейнеткерлерге бюджеттен түскен қаржыдан жәрдем береміз деген сөз. Кейбір мемлекеттер мұндай кезде әр азаматқа "өз күніңді өзің көр" дейді, бірақ бізде олай емес. Әрине, шешілмеген мәселе көп. Мысалы, ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің салық төлемеуі, олардың мемлекеттен қомақты қаржы алып, соны ақтамауы секілді мәселелерге жіті назар аударуымыз керек", - дейді Сапарбай Жобаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін экономист Мақсат Халық шетелдегі заңсыз шығарылғаны әлі қанша актив барын айтқан еді.
Жасұлан Ордабаев
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!