Елімізде некелесу саны бойынша көш бастап тұрған өңір белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Статистикаға сәйкес, некелесу саны бойынша бірінші орында - оңтүстік астана: 2024 жылы Алматыда 19 778 неке тіркелген.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласындағы филиалының мәліметінше, қаладағы аудандық АХАТ бөлімдерінде күн сайын шамамен 160 неке тіркеледі. Неке қиюға өтініш беретін жұптардың орташа жасы ер адамдар үшін 27, әйелдер үшін 25 жас.
Сонымен қатар мекеме өкілдерінің айтуынша, қалада ажырасулар саны да жоғары деңгейде. Жыл басынан бері 4429 жұп некесін бұзған.
"Көбінесе ажырасуға өтінішті жастар береді. Біз некені сақтап қалуға тырысамыз, ойланып, шешім қабылдау үшін бір ай уақыт береміз. Өтініш берген 10 жұптың 3-4-еуі отбасын сақтап, ажырасудан бас тартады. Біз мұны жұмысымыздың нәтижесі деп есептейміз", - дейді АХАТ қызметкері.
Еске сала кетейік, неке қию үшін өтінішті жоспарланған күннен 15 күн бұрын беру қажет. Өтінішті электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы онлайн түрде тапсыруға болады. Егер болашақ ерлі-зайыптылар некені салтанатты жағдайда тіркеуді қаласа, олар салтанатты рәсім өткізу бойынша қосымша қызметке тапсырыс бере алады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!