- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанның қалаларында бизнесті...
Қазақстанның қалаларында бизнесті шағын несиелеу құралдары енгізіледі
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сейсенбідегі Үкімет мәжілісінде қалалардағы кәсіпкерлік қызметті шағын несиелеуді кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, - деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Бағдарлама аясында қалаларда өнімді еңбекпен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпкерлік қызметке шағын несиелер беру, сондай-ақ, шағын несиелерді қалаларда жобасын жоспарлайтын және жүзеге асыратын өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар үшін мемлекет тарапынан кепілдендіру қарастырылған.
Министрдің айтуынша, жұмыссыздар мен өзін өзі қамтыған тұрғындардың құзіретін арттыру үшін қалаларда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында оқыту құралдары іске қосылады. Бұл кәсіпкерлік, бизнес тәжірибесі, сервистік қызмет көрсету негіздеріне үйрететін қысқамерзімді курстар. Мақсатты көрсеткіштерге сәйкес, жыл сайын 2 500-ден астам қарыз беру жоспарлануда, оның 20 пайыздан кем емес мөлшері старт-ап жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
«Шағын несиелер 8 мың АЕК-ке дейін (бүгінде ол 16 млн теңге) 6 пайыздық ақырғы сыйақы мөлшерлемесімен ақырғы сыйақы мөлшерлемесімен жаңа шағын кәсіпорындарды ашу мен жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге беріледі. Қалаларда «Даму» КДҚ АҚ оператор болып табылады, шағын несиелерді тікелей беру екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады, - деді Бишімбаев.
Бүгінде қаржы институттарының осы бағдарламаға қатысу шарты әзірленді, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдар бұған түсіністік танытуда. Қалалардағы шағын несиелерді кепілдендіру операторы да «Даму» КДҚ АҚ болып белгіленді.
«Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдің көлемі шағын несие құнының 85 пайызын құрайды, ал жұмыс істеп жүргендер үшін 50 пайыз, - деді министр.
Оның мәліметіне қарағанда, шағын несиелерді беру екі қаржы көзі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жалпы сипаттағы 7 млрд теңге мен республикалық бюджеттен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарлама аясында бөлінетін 3 млрд теңге көлеміндегі мақсатты транферттер. Қалаларда шағын несиелерді кепілдендіру мақсатына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1,2 млрд теңге көлеміндегі қаржы қарастырылған. Аталған құралдар бойынща лимиттер жалпы сипаттағы трансферттер аясында жергілікті атқарушы органдарға жеткізілді», деп хабарлады министр.
T. Кіршібаев