- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанның халық әртістеріне...
Қазақстанның халық әртістеріне төленетін үстемақы екі есе көбейеді
"Қазақстанның халық әртісі" атағына ие мәдениет қызметкерлеріне төленетін үстемақы мөлшері екі есе көбейеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағына ие мәдениет қызметкерлеріне базалық лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде үстемеақы төленеді. Қаулы жобасы бүгінгі Үкімет отырысында бекітілді.
Биылдан бастап "Қазақстанның халық әртісі" атағы қайта берілетін болды. Құрметті атаққа лайық мәдениет қайраткерлері Республика күні қарсанында марапатталады.
Атақ еліміздің театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, осыған дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" немесе "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған мәдениет қызметкерлеріне беріледі.
"Қазақстанның халық әртісі" атағын қайта беру мемлекет тарапынан өнер қайраткерлерінің еңбегін бағалауға, кәсіби қасиеттерін дамыту және жетілдіруге, кәсіби шеберлік деңгейін арттыруға және жаңа өнер туындыларын жасауға ынталандыруға, жас буынның шығармашылық өсуіне және ұрпақтар сабақтастығына қызығушылық арттыруға ықпал етеді",- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Ведомство Massaget.kz тілшісіне бұл әртістерге берілетін ай сайынғы төлем екенін және бұл әртістің өз жалақысына байланысты есептелетінін нақтылады.
Айта кетейік, елімізде "Қазақстанның халық әртісі" атағын алған 49 адам бар. Олардың 37-і мемлекеттік мәдениет мекемелерінде жұмыс істейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан