Көрнекті композитор, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Бақир Баяхунов өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтты.
"Бақир Яхияұлы бар ғұмырын музыка өнеріне арнап, отандық композиторлық мектеп дамуына елеулі үлес қосты. Оның қазақтың музыкалық мұрасын, шығыс халықтарының әуен-сазын еуропалық академиялық музыка дәстүрімен шебер ұштастырған туындылары еліміздің рухани қазынасын байытты", - деп жазылған хабарламада.
Ұлағатты ұстаз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қырық жылдан аса еңбек етіп, бірнеше буын кәсіби музыкант тәрбиелеген.
"Ол шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өнердің қадір-қасиетін ұғындырып, шығармашылық жолда бағыт-бағдар көрсетті. Бақир Яхияұлының бай шығармашылық мұрасы, ұстаздық өнегесі мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады", - деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!