Қазақстанның екі мұрасы ЮНЕСКО-ның “Әлем жады“ өңірлік тізіміне енді

Қазақстан ұсынған екі мұра ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Massaget.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті шешім Джакартада өткен бағдарламаның Азия және Тынық мұхиты өңірлік комиссиясының отырысында қабылданды.

Тізімге енген мұралар:

1

"Есік жазуы: Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы түркі руна жазуы";

2

"Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баспа басылымдары жинағы".

"Қос мұраның тізімге енуі Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының халықаралық деңгейде мойындалғанын айғақтайды. Өз кезегінде бұл еліміздің мұрасын шетелде кеңінен танытуға мүмкіндік береді", – деп жазылған ресми хабарламада.

Бұған дейін қандай мұралар тізімге енді?

Бұған дейін Қазақстанның бірқатар тарихи мұрасы «Әлем жады» бағдарламасының тізіміне енгізілген болатын. Олардың қатарында:

  • "Хандар шежіресі" қолжазбасы;
  • Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары;
  • Шоқан Уәлихановтың қолжазбалары мен карталары;
  • Сүлеймен Бақырғанидың (Хакім Ата) шығармалары;
  • "Невада-Семей" ядролық қозғалысының архивтік құжаттары бар.