Telegram-арналардың бірінде Қазақстанның бір облысын басқа елге қосу туралы хабарлама таралған. Бас прокуратура қызметкерлері жазба авторы анықталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР Бас прокуратурасының Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"Telegram-арналардың бірінде Қазақстанның бір облысын басқа елдің пайдасына иеліктен шығару туралы үндеу қамтылған арандатушылық материал орналастырылды. Материалдың авторы анықталды. Ол Қазақстанға келген шетелдіктердің қатарына жатпайды. Қазір алыс шетелдердің бірінде тұрады. Бұл - сырттан бағытталған жоспарлы және мақсатты акция. Оның мақсаты - Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру, көрінеу жалған ақпарат тарату және ұлттық араздықты қоздыру. Көрсетілген әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 174, 180 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаға әкеп соғады. Бұл сепаратистік шақыртулар дерегі бойынша, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты тағы да арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз. Осындай материалдар мен үндеулерді орналастыру кезінде олардың авторлары мен таратушылары қатаң қылмыстық жауапқа тартылатын назарларыңызға саламыз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!