Қазақстанның батысында бруцеллез салдарынан мыңдаған мал союға жіберілді

Қазақстанның батысында мыңдаған ірі қара мал бруцеллезбен ауырған. Жануарлар санитарлық союға жіберілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой город-қа" сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысының ветеринарлық басқармасының хабарлауынша, 12 айлықтан бастап ауыл шаруашылығы жануарлары жылына екі рет бруцеллезге тексеруден өтеді. Жыл басынан бері 666,8 мың бас ірі қара тексерілді, оның 4 942-сі жұқтырған. Ұсақ мал арасында 1,1 миллион бас зерттелді және олардың 1203-і оң нәтиже берді.

"Бүгінгі күні санитарлық союға бруцеллезбен ауырған 4 316 бас ірі қара және 991 бас ұсақ мал тапсырылды", – деп хабарлады басқарма.

Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 7 жылда жануарлардың бруцеллезбен ауру деңгейінің төмендеуі байқалды. 2021 жылы – 6 490 бас ірі қара, 2022 жылы – 5 045, 2023 жылы – 4 141 бас жұқтырған. Ауру жануарларды союға облыстың алты мамандандырылған ұйымына жібереді. Ведомство бруцеллезден зардап шеккен 329 бас ұсақ малдан алынған ет өнімдер үшін 5,4 миллион теңге өтемақы төленгенін атап өтті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз