- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанның алты өңірінде...
Қазақстанның алты өңірінде қанша үйді су басып қалды?
ТЖМ дағдарыс орталығында вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қатысуымен кеңес өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. Алты өңірде 1 364 жеке меншік тұрғын үйді су басқан. Автожолдардың 105 учаскесінде су жайылған. 78 жол учаскесінде бүлінген жерлерді және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр.
"Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Кейінгі тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады. Облыстағы су айдындарында мұз кептелісін болдырмау үшін мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Су тасқынына қатысты ахуалды бағалау үшін 1-3 сәуір аралығында вице-премьер мен төтенше жағдайлар министрі Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарының аумағын әуеден барлады.
Бүгін Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының аумағы зерттеді, сондай-ақ Преображенский су торабына барды.
"Қазіргі уақытта облыста қар жамылғысы шамамен 76% болады. ТЖМ күштері мен құралдарын Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау аудандарының, Көкшетау және Қосшы қалаларының 17 елді мекеніне бөлу ұйымдастырылды. Қарағанды облысының аумағында қар жамылғысы - шамамен 34%. Облыста алдын алу іс-шаралары, оның ішінде жағалауды нығайту жұмыстары және қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы 700-ге жуық адам және 118 бірлік техника жұмылдырылды. Қазір жағдай тұрақты. Қостанай облысы бойынша қар жамылғысы - шамамен 71%. 75 тұрғын үй мен 38 аула аумағын су басқан. Аталған елді мекендерге ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан барған қосымша күштері мен құралдары тартылды, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Үкімет сонымен бірге қазір Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында жағдай тұрақталғанын хабарлады. Ал Жангелді ауданында жағдай әлі күрделі.
"Өңірлерде шығынды бағалау бойынша жұмыстар басталды. Тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері еліміз бойынша жауын-шашын және температуралық фон күрт көтеріледі деп болжанып отыр, бұдан қар тез ериді", - деп хабарлады Үкімет.
Кеңес қорытындысы бойынша Республикалық штаб басшысының орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су басқан аймақтардан адамдарды алдын ала эвакуациялау және құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырмалар берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан