Қазақстанның 5 қаласындағы Президент резиденциясы балалардың қажетіне беріледі

Қазақстанның 5 қаласындағы Президент резиденциясы балалардың қажетіне беріледі
Фото: pixabay.com

Президенттің Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбедегі резиденциялары балалардың игілігіне беріледі. Ақпаратты облыстық әкімдіктер растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін желіде Мемлекет басшысының бес қаладағы резиденциялары балалардың игілігіне берілетіні туралы ақпарат пайда болды. Ал жергілікті әкімдіктер бұл ғимараттарды балабақша не сауықтыру орталықтары немесе балаларға арналған басқа да орталықтар ете ме, мұны өзі шешеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады. Қазір беру механизмі және қонақүйді мақсатты пайдалану мәселесі пысықталып жатыр. Шешімді қосымша хабарлаймыз", - деді Қостанай облысының әкімдігі өкілі.

Сонымен бірге ақпаратты Маңғыстау облысының әкімдігі де растады.

"Растаймыз. Бұл бойынша жұмыс басталады. Қосымша ақпарат сәл кейінірек беріледі", - деді әкімнің баспасөз қызметі өкілі.

Атырау облысы әкімдігі де бұл ғимарат балаларға арналған мекеме ретінде пайдалануға берілетінін хабарлады.

"Болашақта бұл демалыс және сауықтыру орталығына айналады. Тиісінше, тағайындауды анықтағаннан кейін қайта жабдықтау бойынша ұйымдастыру жұмыстары басталады", - деді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.

Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаевтың айтуынша, бұл ғимарат болашақта балабақша, білім беру орталығы, лагерь немесе оңалту орталығы болуы мүмкін.

"Әрі қарай нысанды балаларға қажет нәрсенің бәрімен жабдықтаймыз. Қысқа мерзімде тапсырманы орындаймыз", - деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың сөзінше, Президент резиденциясы мүгедек балаларға арналған санаторий немесе жазғы лагерь болады. Бұл туралы нақты шешім кейінірек қабылданады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан