Қазақстанның 17 азаматы бала-шағасымен Газа секторынан кетуден бас тартқан

Қазақстанның 17 азаматы Газа секторынан кетуден бас тартып, отбасы мүшелерімен бірге қалып қойған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, эвакуация кезінде қақтығыс аймағынан 161 қазақстандықтың 99-ы ғана ұшуға ниет білдіріпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қазақстандықтардың алды 17 қазанда аман-есен Алматыға арнайы ұшақпен жеткізілген. Дегенмен Газа секторында қалған қазақстандықтар елімізге оралуға шешім қабылдаса, сыртқы істер министрлігі оларға көмектесуге дайын.

Вице-министр Қайрат Омаровтың айтуынша, қазір кейбірінің қолында билеті де бар және Қазақстан азаматтарымен Мысырдағы, Иорданиядағы, Израильдегі өкілдіктер жұмыс істеп жатыр. Дегенмен сыртқы істер министрлігі жаңа эвакуациялық рейс ұйымдастыру әзірше қажет емес деп есептейді.

"Газа секторында 17 қазақстандық және олардың 60-қа жуық отбасы мүшелері, яғни Палестинаның азаматы бар. Арасында біліктілігі жоғары дәрігер де жоқ емес. Әлбетте, олар бұл аумақтан қазір шығарылмайды, өйткені олар сол жерде керек боп тұр. Бұл жағдайда біз әуелі эвакуацияға жататындармен жұмыс істейміз", - дейді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!