Қазақстанның 16 тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіреді

Қазақстанның 16 тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіреді. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

"Бүгінгі уақытта ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қазақстаннан 10 тарихи ескерткіші және адамзаттық материалдық емес мұралар тізіміне 3 рухани мұрамыз енгізілген. Атап айтар болсақ, 2003 жылы Қожа Ахмет Яссауи  кесенесі, 2004 жылы Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтері ескерткіші сынды мұраларымыз бар", − деді ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Сонымен қатар ол 2014 жылы трансшекаралық аталым бойынша Қырғызстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдың 4 кезеңге бөлінген үлкен жобасының бірінші сатысы енгізілгенін, ол Жетісу, Сырдария бойындағы ескерткіштерді қамтитындығын атап өтті.

"Ендігі уақытта Сырдария бөлігіндегі біздің 16 нысанымыз бойынша материалдар дайындалу үстінде. Ол келесі жылы немесе одан кейінгі жылы тапсырылады. Қазіргі уақытта Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ғалымдарымен бірлесіп, құжаттамасы дайындалуда», − деді А.Райымқұлова.

А.Райымқұлованың атап өтуінше, бүгінде елімізде халықаралық деңгейдегі 10 ескерткіш, республикалық деңгейдегі 219 және жергілікті деңгейдегі 11 266 ескерткіш бар.

"Жалпы 2014 жылдан бастап 2015 жылға дейін еліміз бойынша 119 тарихи және мәдени ескерткішке қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Олардың бірқатар бүгінде туристер жиі келіп тұратын орынға айналып отыр", - деді департамент басшысы.    

Дереккөз: inform.kz