- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақстанның 100 жаңа...
"Қазақстанның 100 жаңа есімі" қауымдастығы құрылды
"Қазақстанның 100 жаңа есімі" – 2017 жылы Елбасының бастамасымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жоба. Бүгінге дейін төрт кезеңі өтіп, еліміздің маңдайалды жастарының есімі көпке танылды. Ал жуырда ұлттық жобаның әр жылдардағы жеңімпаздары бірігіп, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" қауымдастығын құрды.
Қауымдастықтың ашылу салтанаты 22 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жоба жеңімпаздары оффлайн және онлайн бас қосқан жиналыста қауымдастықтың Жарғысы бекітіліп, қауымдастықтың мүшелігі, ұйымдастырушылық мәселелері, құрылымы секілді бірқатар сұрақтар талқыланды. Сонымен қатар, ұйымның және атқарушы органның құрамы анықталды. Қауымдастықтың даму стратегиясы талқыланып, бірлестік жұмысының негізгі қағидаттары айқындалды.
"Қауымдастық құрудағы басты мақсат – еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін "100 жаңа есім" жобасы жеңімпаздарының күштері мен тәжірибелерін біріктіре отырып, қазақстандық жастардың белсенділігін арттыру. Жобаның әр жылдардағы жеңімпаздарын қауымдастыққа мүше болуға шақырамыз. Бірігу арқылы біраз дүние жасай аламыз деп сенемін", - дейді жоба кураторы, ұйымдастырушы топ өкілі Бибігүл Құламан.
Ассоциация қызметі медицина, білім және ғылым, мәдениет пен спорт, бизнес және экология салаларын қамтып, Қазақстан Республикасының барлық аймақтарына жүзеге асатын болады.
Алғашқы күндерден бастап қауымдастық құру идеясын қолдаған жоба жеңімпаздары жетерлік. Бұл қатарда ғалымдар, дәрігерлер, спортшылар, дизайнерлер, мәдениет қайраткерлері мен бизнес иелері бар. Осындай өз ісінің кәсіби мамандары қауымдастықтың негізгі қозғаушы күші болады.
Н. Үсенова