Қазақстаннан Түркияға жаяу барған 17 жастағы жігіт тәжірибесін бөлісті

17 жастағы қазақстандық жігіт Ролан Берікұлы Атыраудан Түркияға жаяу сапарға шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкенттік жігіт Анадолыға дейін жаяу жүруін туризммен байланыстырады. Саяхатшы бұл туралы 24.kz-ке берген сұхбатында айтып берген. 

"Қазақстаннан Түркияға жаяу шыққандағы мақсатым - ел көру, жер көру, әлемді тану. Тағы бір мәселе - Қазақстанның туризмін дамыту. 1 айдың ішінде 1300 шақырымды жаяу жүріп өттім. Күніне 50-60 шақырымды бағындырып отырдым", - дейді ол.

Саяхатшы жігіт басына төнген қауіп пен қызық оқиғасы туралы да айтып берді. 

"Жолдағы ең қызық жағдай Ресейдің Астрахань қаласында болды. Қаладан шығаберісте жолдың ар жағында бір топ ит жүрген болатын. Бір қарағанда маған қарай жүгіріп келе жатты. Сақтық үшін өзіммен алып шыққан электрошокер бар еді. Соны ауаға басып, өзімді қорғап алған болатынмын", - деді саяхатшы Ролан Берікұлы.

Ол Дағыстан, Шешенстан, Грузия арқылы жүріп, Түркияның Ризе қаласына дейін барған 26 күнде 1 мың 300 шақырымды жаяу жүріп өткен. 2 рет жаңбыр астында қалып, 18 күн далада шатырда түнеген. Арқалаған сөмкесі 20 келіден кем емес. Қазір ол Кония қаласында. Жас жігітті сол қаладағы қазақ Дәурен Сәбитұлы күтіп алып, қонақ қылыпты.

"Осылай Қазақстаннан қазақ бауырымыз Түркия еліне жаяу шыққанын көріп, өз басым қатты қуанып, өзіне кері байланысқа шығып, өзіміздің қонақжайлығымызды көрсетіп, қонақ қылып шақырдым", - деді Кония қаласының тұрғыны Дәурен Сәбитұлы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!