Қазақстаннан шетелге қанша ақша алып шығуға болады?

Қазақстаннан шетелге қанша ақша алып шығуға болады?
Фото: depositphotos.com

Қазақстаннан шетелге шыққан адам өзімен бірге 10 мың АҚШ долларына дейінгі қолма-қол шетел валютасын алып өте алады. Ал осы сомадан асатын валютаны елден әкетуге тыйым салынған, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл талап тек АҚШ долларына емес, еуро, фунт, юань және басқа да шетел валюталарына қолданылады. Қолма-қол ақшаның жалпы сомасы Қазақстан Ұлттық банкінің елден шығатын күнге белгілеген ресми бағамы бойынша есептеледі.

Мысалы, жолаушы бірнеше шетел валютасын бірге алып шықса, олардың барлығы АҚШ долларына шақталып, жалпы сомасы есептеледі.

Валюта бағамын алдын ала тексеру қажет

Қолма-қол ақша сапардан бірнеше күн немесе апта бұрын дайындалуы мүмкін. Алайда осы аралықта валюта бағамы өзгерсе, жолаушының ақшасы 10 мың доллар баламасынан асып кетуі ықтимал. Сондықтан сапарға шығар алдында Ұлттық банктің сол күнге арналған ресми бағамын тексерген жөн.

Қазақстаннан 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын қолма-қол шетел валютасын әкетуге Президенттің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы» №830 Жарлығымен тыйым салынған. 

Маңыздысы – лимиттен асқан ақшаны кедендік декларацияда көрсетудің өзі оны елден алып шығуға рұқсат бермейді. Қолданыстағы шектеу бойынша 10 мың доллардан асатын қолма-қол шетел валютасын декларация немесе ақшаның шығу тегін растайтын құжаттар болған күннің өзінде әкетуге болмайды.

Шектеу әр адамға жеке есептеле ме?

10 мың АҚШ доллары көлеміндегі шек әрбір жеке тұлғаға, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларға да қолданылады.

Отбасы бірге сапарға шыққан жағдайда оның әр мүшесіне 10 мың доллар баламасынан аспайтын қолма-қол шетел валютасын алып шығуға рұқсат етіледі. Ал 16 жасқа толмаған баланың ақшасы онымен бірге жүрген ересек адамның жолаушылар кедендік декларациясында көрсетіледі.

Ақшаны қол жүгіне салу керек пе?

Қазақстан заңнамасында қолма-қол ақшаны тек қол жүгінде немесе міндетті түрде тіркелген багажда тасымалдау жөнінде жеке талап қарастырылмаған. Бұл ретте жолаушы әуе компаниясының багаж тасымалдау ережелерін басшылыққа алуы қажет. Дегенмен ақшаның қай жерде тұрғанына қарамастан, бір адамға белгіленген 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі шектеу өзгермейді.

Қауіпсіздік тұрғысынан ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны тіркелген багажға салмаған дұрыс. Багаж жоғалса немесе бүлінсе, ақшаны қайтару қиын болуы мүмкін.

Лимиттен асып кетсе не болады?

Жолаушы белгіленген шектен артық қолма-қол шетел валютасын алып шығуға әрекеттенсе, оған қатысты әкімшілік іс қозғалуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, міндетті декларациялауға жататын ақшаны декларацияламағаны немесе дұрыс көрсетпегені үшін декларацияланбаған соманың 25 пайызы көлемінде айыппұл және ақшаны тәркілеу көзделген. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Tengri Travel сайты жариялаған ақпаратта заңгер Данияр Байғабатов тәжірибеде туристік агенттің шетелдегі қонақүй ақысын төлеу үшін белгіленген лимиттен артық қолма-қол ақша алып шықпақ болған жағдай кездескенін айтты.

«Сот оны жауапқа тартты, бірақ ақшасын тәркілемеді. Айта кетейік, туристік агент сол күні шетелге шыққан жоқ», – деді заңгер.

Демек, ақшаның қонақүй, емделу немесе басқа шығындарды төлеуге арналғаны жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайды.

Нені есте ұстау керек?

Шетелге шығар алдында:

  • қолма-қол валютаның жалпы сомасын есептеу;
  • Ұлттық банктің сапар күніндегі ресми бағамын тексеру;
  • барлық валютаны АҚШ долларына шақтау;
  • бір адамға белгіленген 10 мың долларлық шектен аспау;
  • баратын елдің валюталық және кедендік талаптарын алдын ала білу қажет.

Ережелер сапар бағыты мен шекарадан өту тәртібіне қарай ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан жолға шығар алдында Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми түсіндірмелерін және баратын елдің кеден талаптарын тексерген жөн.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget