Қазақстаннан Қытайға 2,6 мың литр дизель отынын заңсыз шығармақ болғандар ұсталды

Шығыс Қазақстан облысындағы "Майқапшағай" кеден бекетінде Қазақстаннан Қытайға 2,6 мың литрден астам дизель отынын заңсыз алып өтпек болғандардың әрекеті тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.

Заң бұзушылық өткен аптада Қытайға бет алған бос жүк көліктерін кедендік тексеру кезінде анықталған.

"ҚХР азаматтары басқарған төрт автокөлікті бірлесіп тексеру барысында жанар-жағармайды жасырын тасымалдауға арналған, конструкцияда қарастырылмаған арнайы жабдықталған қосымша бактар табылды. Заңсыз шығарылмақ болған дизель отынының жалпы көлемі шамамен 2 640 литр (2 тоннадан астам)" – деп мәлімдеді ведомство.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, анықталған отын гуманитарлық көмекке, ғылыми мақсаттағы сертификатталған сынамаға немесе көліктің стандартты зауыттық багындағы жанармайға жатпайды.

"Бұл жағдай белгіленген тыйымды тікелей бұзу белгілерін көрсетеді және Қазақстанның ұлттық әрі экономикалық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіреді", – делінген хабарламада.

Қытай азаматтары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 32 437 теңге көлемінде айыппұл салынды.

"Жиналған барлық материал тексеру жүргізу және құзыреті шегінде процестік шешім қабылдау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды", – деп толықтырды мемлекеттік кірістер департаменті.

Отын және жанар-жағармай нарығындағы ахуал

Бұған дейін Үкімет жанар-жағармайды елден заңсыз шығаруға бақылауды күшейткен болатын. Ресми мәлімет бойынша, тек екі тәуліктің ішінде өткізу бекеттерінде қосымша бактар мен канистрлер арқылы үш тоннадан астам отынды алып шығудың 61 әрекеті тоқтатылған. Ал жыл басынан бері мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 593 әрекеті анықталған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!