- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстаннан Қырғызстанға 6...
Қазақстаннан Қырғызстанға 6 миллион теңгенің бензинін өткізбек болғандар ұсталды
Қазақстаннан Қырғызстанға бензин экспорттамақ болғандар ұсталды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
МКК мәліметінше, оқиға 4 маусымда болған.
"Елден Қырғызстан Республикасына жөнелту құжаттарында көрсетілмеген 34 тонна бензинді экспорттау әрекетінің жолы кесілді. "Айша-Бибі" өткізу бекеті арқылы Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан өту кезінде еріткіш тиелген деген желеумен АИ-92 маркалы бензин алып бара жатқан жүк көлігі ұсталды", - делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, тасымалданған бензиннің жалпы құны шамамен 6 миллион теңге болады.
"Бұл ретте жөнелтуші тасымалданған жүкті жасыру мақсатында 2,1 миллион теңге сомасына еріткішті тасымалдауға жөнелтпе құжаттарын рәсімдеген. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық кеден зертханасы жүргізген физика-химиялық зерттеулер нәтижелері бойынша АИ-92 маркалы бензинді еріткіш деп тасымалдау фактісі расталды", - делінген хабарламада.
Қаржы министрлігі заңға сәйкес, мұнай өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерге сату құқығы тек мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай жеткізушілеріне ғана берілгенін, ал басқа тұлғалардың мұнай өнімдерін шетелге сатуға құқығы жоқ екенін түсіндірді.
Д. Шәріпхан"Осыған байланысты факт бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қабылданады", - деп қорытындылады Қаржы министрлігі.