Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов елден заңсыз әкетілген қаржы көлемі орасан зор мөлшерге жеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жасыратыны жоқ, қазір елден заңсыз әкетілген қаржы көлемі орасан зор мөлшерге жеткен. Бүкіл әлем бойынша заңсыз қаражат қозғалысын бақылайтын америкалық Global Financial Integrity (GFI) халықаралық зерттеу ұйымының жыл сайынғы есебін қарайтын болсақ, Қазақстаннан жылына орта есеппен 16,7 миллиард доллар заңсыз әкетіледі. Еліміз 148 дамушы елдің ішінде 11-ші орында тұр", - деді Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы.
Мәкежановтың айтуынша, капиталды елден тыс жерлерге заңсыз әкетудің зияны көп.
"Қаржының көлеңкелі айналымын анықтау және болдырмау мемлекет қазынасының кірісін едәуір арттырады. Бүгінгі таңда қабылданған заңдар нәтижесінде заңдастырылған капиталды жасырудың да қажеті де жоқ. Себебі заңды капиталды отандық экономиканы өсуін ынталандырып, ел ішінде заңды түрде инвестициялауға болады. Бұл мемлекеттік қазынаға да, халықтың әл-ауқатына да оң әсер ететін еді", - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Кеше мемлекет кірісіне қосымша 40 млрд теңге қайтарылғанын жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!