- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстаннан жанар-жағармайды 900-ге...
Қазақстаннан жанар-жағармайды 900-ге жуық рет заңсыз шығармақ болған
Жыл басынан бері Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 900-ге жуық фактісіне жол берілмеді. Бұл жайлы үкімет отырысында ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Бауыржан Абсаматов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі үкімет сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Оған Энергетика министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік кірістер комитеті және "ҚазМұнайГаз" АҚ басшылығы қатысты.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиевтың айтуынша, нарықтағы жағдай тұрақты және жанар-жағармайдың барлық түрі бойынша қор жеткілікті. Көктемгі егіс жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизельдік отын жеткізу бірінші кезекте жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Бауыржан Әбсаматов мұнай өнімдерінің көлеңкелі ағыны мен "сұр" экспортын болдырмау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып, жыл басынан бері бақылау-өткізу бекеттерінде шамамен 130 мың литр көлемінде жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 900-ге жуық дерегі анықталып, жолы кесілді.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігінде жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын 6 мың тонна жанар-жағармайдың заңсыз сатылуы бойынша 13 материал тіркелді.
Сондай-ақ кеңесте ресейлік тараппен қажет болған жағдайда жанар-жағармай жеткізу туралы Үкімет деңгейіндегі келісім бар екені атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау және оны елден заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар берді.
А. Жапатова