Қазақстаннан America's Got Talent шоуына көзі көрмейтін әнші шақырту алды

Әнші, музыкант Кенжебек Нұрдолдай америкалық America's Got Talent шоуына қатысады. Ол байқауға қатысуға шақырту алыпты. Әнші бұл туралы "Жұлдыз ФМ" радиосының эфирінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алдағы жоспардың бәрін Алла көрсетеді. Біздің ең басты мақсатымыз - әрекеттену. Командамызбен "Әрекет етсек, Алла тағала өзі береді" деген қағидамен жұмыс істейміз. Әзірше ойлап қойған бір-екі жоспарымыз бар. Соның бірі - Америкаға барып, America's Got Talent дейтін конкурсқа қатысу. Шақырту алдық, ертең-ертең деп, кейінге созып жүр. Өздеріңіз білесіздер, өйткені онда қазір қиын жағдай болып жатыр. Соған байланысты конкурстарды кейінге шегерді", - деді ол.

Кенжебек сонымен бірге рэпер, әнші, битмейкер және продюсер Jah Khalib-пен бірге дуэт жазғалы жүргенін айтты. Ол қазір Jah Khalib-пен тығыз байланыс орнатып, аға-бауыр боп араласып кетіпті.

"Байланыс өте тығыз десем болады. Аға мен інінің қатынасындай болып кетті. Ол кісімен студиясына кездейсоқ барып қалғанда танысып едім. Өзі отыр екен. Сөйлесіп, араласып, аға-бауыр боп кеттік. Қазіргі таңда бір-бірімізге хабарласып тұрамыз. Әндер реттеліп жатыр. Жақын арада жақсы туынды шығады деген үміттенемін", - деді ол. 

Әнші, музыкант Кенжебек Нұрдолдай Ақмола облысының Ерейментау қаласында дүниеге келген. Туғаннан көзі көрмейді. Ол Қарағандыдағы арнайы интернатта оқыған. Кейін колледжге "Эстрада-вокал артисі" мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2-курстан оқудан шығып қалған. Әзірше оқуын жалғастыру ниеті жоқ. Музыкант жақында көзіне ота жасатпақшы.

Еске салайық, Кенжебек Нұрдолдай былтыр тележүргізуші Андрей Малаховтың "Песни от всей души" бағдарламасына қатысқан. Қазақстандық әнші бағдарламада Мүсілім Магомаевтың "Мелодия", "Браво" тобының "Любите, девушки" әндерін шырқап, көпшілікті тәнті еткен еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!