Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының президентімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қарашада Ресейге сапармен баратынын мәлімдеді.
"Біз бұған ерекше мән беріп отырмыз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарға тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейді шын мәнінде мәңгі одақтастық, стратегиялық серіктестік және достық қарым-қатынастар байланыстырады. Көрсеткіштерге көңіл толады. Менің Ресейге жасайтын сапарымның алдында өзара сауда көлемі жоғары деңгейге жетті. Былтыр оның көлемі 28 миллиард доллар болды. Ресей - біздің экономикаға қаржы құйып отырған негізгі инвесторлардың бірі. Осы жылдар ішінде Ресей бизнесі Қазақстанға 26 миллиард доллардан аса инвестиция салды. Былтырдың өзінде елімізге 4 миллиард доллар инвестиция келді. Бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 22 миллиард долларға жуық 114 жоба іске асырылғанын мысалға алсақ та жеткілікті. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады", – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путиннің сөзінше, Ресей Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайды.
"Екі ел арасындағы байланыстардың сипаты ерекше. Бұған сіз бен біздің достығымыз ғана ықпал етіп отырған жоқ. Өйткені Қазақстан мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге бастамашы болып келе жатқаны белгілі. Бізде тұрақты түрде назар аударатын екіжақты мәселелер жеткілікті. Өз тарапымнан Қазақстан-Ресей байланыстарын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін сізге алғыс айтамын. Екіжақты форматтағы осындай кездесулеріміз ынтымақтастығымызды дамыту үшін пайдалы болатынына сенімдімін", – деді Ресей президенті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова