Қазақстанға үш айдың ішінде мыңнан аса оралман көшіп келді

Қазақстанға үш айдың ішінде мыңнан аса оралман көшіп келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылдың 1-тоқсанында елімізге 380 отбасы немесе 1026 этникалық қазақ келіп, оралман мәртебесіне ие болды. Олардың көпшілігі Қостанай (233 адам), Жамбыл (199 адам), Оңтүстік Қазақстан (124 адам), Маңғыстау (159 адам), Ақмола (68 адам) және Қарағанды (54 адам) облыстарына орналасты. Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 8 шілдедегі №783 Қаулысына сәйкес оралмандарды орналастыратын өңірлер анықталды, ол тізімге Астана және Алматы қалалары кірмейді. 

"Оралман мәртебесін алғандар "Халықтың көші-қоны туралы" ҚР Заңында қарастырылған барлық әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алады. Бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету үшін Ақтау, Қарағанды және Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылында оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызмет етеді. Орталықтарда іске асырылатын бейімдеу бағдарламалары құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру, мемлекеттік тілді және қалауларына қарай орыс тілін оқыту, кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру сияқты қызметтер көрсетеді", - делінген хабарламада.

Ал жалпы, тәуелсіздік алғалы бері 1 миллионға жуық этникалық қазақ тарихи Отанына оралған. Нақтырақ айтқанда, 1991 жылдан бері 259 539 отбасы немесе 953 908 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл елдегі тұрғындардың жалпы санының 5,5 пайызына тең. Оралмандардың көпшілігі - 61,5 пайызы Өзбекстаннан, 14,3 пайызы - Қытайдан, 9,3 пайызы - Моңғолиядан, 6,8 пайызы - Түркіменстаннан, 4,6 пайызы - Ресейден, 3,5 пайызы өзге елдерден келгендер.

Айта кетейік, оралмандардың көпшілігі - 21,2 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3 пайызы - Алматы облысына, 13 пайызы - Маңғыстау облысына, 9,4 пайызы - Жамбыл облысына, 40,1 пайызы өзге өңірлерге орналасты. Елге келгендердің жалпы санының 55,6 пайызы - еңбекке қабілетті жастағы тұлғалар, 39,9 пайызы - 18 жасқа дейінгі балалар, 4,5 пайызы - зейнеткерлер. Еңбекке қабілетті жастағы оралмандардың көпшілігі (60,8 пайызы) жалпы орта білім, 20,5 пайызы - арнаулы орта білім, 8,7 пайызы жоғары білім алса, білімі жоқ оралмандар - 9,9 пайыз.