Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынды

Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынды
Фото: depositphotos.com

Қазақстан аумағына тауық жұмыртқасын әкелуге уақытша тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қашанға дейін тыйым салынды?

Ведомство мәліметінше, Қазақстан аумағына барлық көлік түрімен басқа елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқасын әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды.

"Бұл тыйым Қазақстан аумағы арқылы өтетін тауық жұмыртқасының транзитіне қолданылмайды. Оған қоса Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекет аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекет аумағына Қазақстан арқылы жеткізілуіне қатысты да қолданылмайды", - деп жазылған хабарламада.

Не мақсатпен тыйым салынды?

Министрлік жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктем және жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілгенін мәлімдеді.

"Осы кезеңдерде жұмыртқаға сұраныс төмендегені байқалады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді. Сондай-ақ, бұл кезеңде жұмыртқаны сақтау мерзімі қысқарады, дегенмен технологиялық ерекшеліктерге байланысты жұмыртқа өндіру көлемі азаймайды, ал бұл қоймаларда тауар артық жиналуына әкеп соғады", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Айта кетейік, бұйрық бүгіннен бастап күшіне енді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget