Қазақстанға шетелден 205 миллион доллардың активтері қайтарылды

Қазақстанға 205 миллион доллар көлеміндегі активтер қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр деп мәлімдеді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев кулуарда, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасуда. Қаражат азаматтарымыздың әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталады. Аудиторлық тексерулер ерекше бақылауда», – деді ол.

Қайтарылған активтерге қатысты Қойгелдиев арнайы комиссияның құрылғанын және реестрдің бар екенін айтты. Алайда бұл ақпарат шектеулі қолданысқа арналған.

«Барлығын ашып айта алмаймыз, өйткені бұл имидждік репутация мәселесі», – деп түсіндірді ол.

Қайтарылған активтер үшін арнайы қор құрылған, оны Мемлекеттік мүлік комитеті бақылауда ұстайды. Сонымен қатар журналистер активтердің біреулерден тартып алынып, басқаларға берілетіні туралы алаңдаушылық білдіргенде, Қойгелдиев мұндай жағдай болмайтынын айтты.

Заңға 2023 жылы қол қойылды

2023 жылдың 12-шілдесі күні Мемлекет басшысы "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңға қол қойды.

Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.

Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 миллион АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 миллион АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.

Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

Мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалады.

 Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанға 262 миллиард теңге көлеміндегі активтер қайтарылған. 2022 жылдан бастап елге 1,7 триллион теңге активтер қайтарылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!