Қазақстанға "көшуге" ниетті қандай компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр?

Қазақстанға "көшуге" ниетті қандай компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр?
Фото: Фото primeminister.kz

Бірқатар шетел компаниялары Қазақстанға "көшуге" ниет білдірді. Премьер-министрдің баспасөз қызметі қай компаниялармен қоныс аудару жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір шетел компанияларын Қазақстанға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, таргеттелетін 310 компанияның 51-і елімізде өндірісті шоғырландыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Олардың ішінде Honeywell, Skoda, Youngsan, EMAG, Carlsberg, Fortescue. Ал Canon, Philips, Kronospan, GE Healthcare, Alstom, Haier компаниялары алдын ала келіссөздер сатысында тұр. 

Премьер-министр I тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 54 пайызға оң динамикасы тіркелгенін айтты. 

"Қазір бірқатар инвесторлардың елімізге өз өндірістерін көшіру ниетімен байланысты мүмкіндіктер ашылып жатыр. Министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін жұмсасын", - деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер барлық жоспарланған инвестициялық жобаны іске қосу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.  

"Біз инвестициялар бойынша оң динамика болуы үшін келер жылдарға берік негіз қалауымыз керек. Бұл жұмыс орындарын құру және экономикамызды әртараптандыру тұрғысынан өте маңызды. Тиісті жұмыстар әр өңірде жүргізілуі тиіс", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек