- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанға қай елден...
Қазақстанға қай елден турист көп келеді?
Ұлттық статистика бюросы елімізге келетін туристердің саны артып келе жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге 834,9 мың шетелдік турист келген. Бұл - 2022 жылғы көрсеткішке қарағанда 225 мың адамға көп. Яғни, өсім 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37 пайызға артқан. 2022 жылы елімізге 609,8 мың шетелдік келген.
Статистикалық мәліметтер бойынша елімізге саяхаттайтын шетелдік туристердің географиясы жыл санап артып келеді. Мәселен, Қазақстанға жақын көршілерімізден бөлек, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттердің де саяхташылары көптеп келе бастады.
Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев 2023 жылы қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге саяхаттаған топ-5 елдің туристерін атады.
"2023 жылдың алғашқы 9 айында еліміз бойынша ең көп саяхатшы - Ресей Федерациясынан келген. Былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 356 850 мың ресейлік саяхаттаған. Екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сонымен қатар, үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді", - дейді ол.
Еркінбаевтың сөзінше, жыл сайын шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді.
"Мәселен, 2022 жылы елімізге 900 мыңнан аса шетелдік саяхатшы, ал былтырдың 9 айында 800 мыңнан аса шетелдік қонақ келген. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да көбейе түседі деген сенімдеміз. Өйткені елімізде шетелдіктерді таңғалдыратын, сұлулығымен өзіне тартатын, көрсе көз тоятын көрікті жерлер, табиғат сый етіп берген сұлу мекендер аз емес. Сонымен қатар, министрлік байтақ жерімізге табаны тиген әрбір саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдыру үшін жұмыс істеп жатыр", - дейді Ержан Еркінбаев.
Жасұлан Ордабаев
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз