Қазақстанға инвестиция тартуды күшейту керек - Тоқаев

Қазақстанға инвестиция тартуды күшейту керек - Тоқаев
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға инвестиция тартуды күшейтуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды.

"Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін "дәл осы жерде және дәл қазір" қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс ", - деді мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажетін атап өтті.

"Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын. Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс", - деді президент.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс Төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған еді

Отырыс Астанада өтіп жатыр.

Қыркүйек айында Қазақстанда жаңа саяси маусым басталады. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ол Президенттің Жолдауынан басталады. Кейінгі екі жылда Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа 1 қыркүйекте үндеу жасаған болатын.

Жаңа саяси маусым: Президент Жолдауы несімен маңызды?

Сарапшылардан Президенттің Жолдаудағы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын және бұл құжаттың мемлекеттік аппарат үшін неге аса маңызды екенін сұраған едік. 

Еске салайық, Президент 2023 жылы 1 қыркүйекте Жолдау жасаған болатын. Жолдауда маңызды мәселелер көтеріліп, бірнеше тапсырма берілді. Оның ішінде: 

  • Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды
  • Көлік министрлігі қайта құрылды
  • Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді
  • Ірі кәсіпорындарға 5 жыл сайын аудит жасалатыны айтылды
  • "Келешек" ерікті жинақтау жүйесі пайда болатыны айтылды
  • Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады
  • Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілетіні айтылды
  • Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылатыны айтылды
  • АЭС салу референдум арқылы шешілетіні айтылды
  • 2024 жылы ұлттық төлем жүйесін толық енгізу тапсырылды
  • "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау тапсырылды
  • Қазақстанға шетелдік үш банк келетіні айтылды
  • Су тапшылығы қашан сезілетіні айтылды
  • Инвесторлар салықтан босатылатыны айтылды
  • Туризм саласында нақты тапсырмалар берілді
  • "Ұлттық қор - балаларға" жобасы қолға алынды

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә