Қазақстанға Чехиядан Пржевальский жылқысы әкелінеді

Ел ғалымдары Чехиядан Пржеваль жылқысын елге әкеліп, құрып кеткен төл тұқымды қайта көбейтпек. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2023 жылы 24 сәуірде өткен қазақ-чех бизнес форумының аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага зообағы арасында жабайы жылқыларды Қазақстан аумағына жерсіндіру бойынша меморандумға қол қойылды. Қазақстанда тұяқты жануарларды жерсіндіру бойынша қалыптасқан тәжірибені, сондай-ақ халықаралық табиғатты қорғау одағының ұсыныстарын ескереді. Онымен қоса, мүдделі ғылыми ұйымдар мен мамандар кеңесінің нәтижесінде Пржевальский жылқысын реинтродукциялау үшін неғұрлым қолайлы жер ретінде Қостанай облысында орналасқан "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваты аумағы айқындалды", - дейді Данияр Тұрғамбаев ОКҚ-да өткен брифингте.

Тұрғамбаевтың айтуынша, "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваты үкімет қаулысымен 2017 жылы құрылған. Резерват аумағы - 490 мың гектар.

"Резерваттың материалдық және техникалық базасы күшейтілді және арнайы вольер орнатылды. Биыл маусым айында Пржевальскийдің алғашқы 8 басы Қостанай облысындағы "Алтын дала" резерватына көшіріледі", - дейді Тұрғамбаев.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!