Қазақстанға білімді адамдар көшіп келе бастаған

Биыл Қазақстанға 14 мың адам көшіп келген, олардың басым бөлігі білімді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл сыртқы көші-қонда оң динамика байқалады.

"Көші-қонның оң сальдосы 2 жыл бойы сақталып келеді. Биыл бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы плюс 7,3 мың адам болды. Елімізге 14 мың адам келіп, 7 мың адам көшіп кетті. Көші-қон өсімі негізінен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мен Қытайға тиесілі", - деді Асқарбек Ертаев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің орынбасары елімізге білімді адамдар көшіп келіп жатқанын атап өтті.

"Білім деңгейі бойынша оң сальдо қалыптасып отыр. Мәселен, елімізге білімді адамдар көбірек келгені байқалады. Бұдан басқа техникалық мамандықтар – плюс 686 адам, педагогикалық мамандықтар – плюс 215 адам, экономикалық мамандықтар – плюс 200 адам", – деді вице-министр.

Асқарбек Ертаев қазақстандықтар көбінесе мегаполистерге көшетінін жеткізді.

"2024 жылғы қаңтар-маусымда ішкі көші-қонға 688 мың адам қатысты. Оның ішінде облысаралық қоныс аударуда – 307 мың адам, мегаполистер ішкі мигранттарды тарту орталығы болып саналады. Мәселен, осы кезеңде Астанада тұрақты тұрақты тұру үшін 64 мыңнан астам адам, Алматыға 60 мың адам, Шымкентке 31 мың адам көшіп келді", – деді министрдің орынбасары.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!