Бүгінде АҚШ-та тұрып жатқан жазушы Лира Қоныс басынан өткен қызық оқиғасын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жазушының сөзінше, ол біраз уақыт бұрын сурет салып, оны қаладағы арт дүкенге тапсырған. Жазушы салған суретін 65 долларға бағалаған.
"Теңгемен елу мыңдай ғана. Сосын арада екі апта өткенде сатушы хабарласады. Бір түсініксіз кәрі кісі келіп, суретті бір центке яғни бір тиынға сұрап жатыр дейді. Бұл оригинал сурет. Менің "Қайырлы таң" деген сериямнан. Бұл жай ғана тауық емес. Тауық - біз өмір сүретін орта, жасыл шалғын - жер, әрі аздап скандинавиялық нақыш қосқам. Екі сағат уақытым кеткен. Бұйырса келесі жылы бакалаврымды бітіріп алсам, кәсіпқой суретші ретінде кемі 300 долларға сатылады. Қазір арзан. Себебі мен суретке кеше келгем, көшеден келгем. Сондықтан қазір осы тәжірибеме сай ақы сұраймын. Сөйтсе дағы суретімді бір центке сатпайтын едім", - дейді Лира Қоныс.
Алайда сатып аламын деген адам да қоймай енді дүкеннің телефоны арқылы өзі сөйлескен.
"Оның айтуынша, баласымен бірге саяхаттап жүрген канадалық екен. Суретке қызығып тұр-мыс. Бірақ 65 доллар деген әжептәуір ақша. Негізі жұрттың бәрі Америкада көшеде доллар шашылып жатады деп ойлайды ғой. Шетелдіктер болмаса таза америкалықтар бай болмайды. Сонымен қалтасында сақтап жүрген ескі бір тиыны бар екен. Соған ауыстырмақ. Онысы 1944 жылы санаулы данамен шығыпты. Қазір банкке өткізсе шамамен екі мың доллардай болады деді. Сөйтіп тұрып "суретшіге демеушілік жасағым келеді" дейді. Сол кезде емтихан болды ма миым ашып жүрген, сатушыға бере сал дедім. Оның үстіне ұнатып тұрған адам екен деген ой болды. Оған қоса өз қателерімді білемін, қайта салармын дедім, әрі сурет шағын 28*36 болды. Енді қазір осыны жазып отырып түсіндім, мен ол кісінің "суретті ұнатып тұрмын" деген сөзіне құлаған екем. Суретке кеше келдім дедім ғой, мен әлі "креативсің" деген мадаққа тоймадым. Содан әлгі кісі сатушыға бір центін қағазға орап, өзіне міндетті түрде бер деп өтініш айтып, арнайы тапсырып кетіпті. Сатушы оны әлдеқандай қылып маған берді. Мен сөмкемнің бір қалтасына сала салдым", - дейді жазушы.
Лира Қоныс 1944 жылы шыққан тиын туралы әңгіме дақпырт деп ойлаған.
"Енді бүгін сөмкемді қопарып отырып сол қағазға ораулы тиынды көріп қалдым ғой. Гугл берген ақпарат бойынша бір тынымның қазіргі құны 2500 доллар тұрады. Шамамен 1,5 миллион теңгедей. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі монеталар санатына жатады екен. Содан ақшаның буы шыдатпай шауып барып банкке тексертіп келдім. Әлгі кісі алдамапты. Сөйтіп аяқ астынан қырық қарақшының үңгірін тауып алған Алибаба ұқсап шала байып мәз болып жатырмын", - дейді жазушы.
Алайда ол тиынды сатпайтын болып шешкен.
"Сақтап қоямын. Бұлар жыл өткен сайын қымбаттай береді екен. Балалар өскен соң бір кәдеге жаратармыз", - дейді жазушы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!