Қазақстандықтарға смартфон қарап, көлік жүргізгені үшін қанша айыппұл салынады?

Қазақстандықтарға смартфон қарап, көлік жүргізгені үшін қанша айыппұл салынады?
Фото: ru.freepik.com

Алматыда жүргізушілердің смартфон қарап, көлік айдап келе жатқанын жиі байқауға болады. Бұл кейде жол-көлік апатына әкелуі мүмкін. Алматы полицейлері жүргізушілерге рөлде смартфон пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Tengri Аuto"-ға сілтеме жасап.

Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Аян Бақытовтың айтуынша, рөлде смартфондар мен телефондарды пайдалануға тыйым салынады және бұл үшін айыппұл қарастырылған.

"ІІМ-нің 30.08.2023 жылғы № 534 "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық жңне дыбыс сигналдарымен жабдықталуға жңне арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел жңне арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" бұйрығының 2-тарауының 12-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, жүргізушіге телефонды не радиостанцияны тыңдауыш немесе қатты дауысты байланысты қолдану арқылы пайдалануды қоспағанда, көлік құралын басқару кезінде оларды пайдалануға тыйым салынады", - деп түсіндірді Аян Бақытов.

Ал рөлде смартфонды пайдаланған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

"Рөлде смартфонды пайдаланғаны үшін жүргізуші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 591-бабы "Көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды не радиостанцияны пайдалануы" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көлік құралын басқару кезінде телефонды немесе радиостанцияны пайдалануы 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", - деді полиция капитаны Аян Бақытов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова