Қаржы мониторингі агенттігі қоңырау шалатын алаяқтар туралы ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаскүнемдер өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалады.
"Алаяқтар телефон арқылы азаматтардың ақшасын бөгде біреу ұрлауға тырысып жатқанын айтып, олардың шоттарындағы қаражатты сақтау үшін жалған қызметкерлердің нұсқауларын орындауды сұрайды. Өздерінің қызметкер екенін растау мақсатында алаяқтар жалған куәліктер және ҚМА логотиптері бар өзге де құжаттардың фотосуреттерін жібереді. Олардың ықпалына түскен азаматтар өз жинақтарын зиянкестердің шоттарына аударады", - деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі өкілдері.
Сонымен қатар Қаржы мониторингі агенттігінің атынан әлеуметтік желілерде жалған парақшаларды ашу деректері де жиілеп кеткен.
"Белгісіз тұлғалар азаматтарға алаяқтық жобаларға салынған қаражаттарын тез қайтаруды ұсынады. Парақшада жеке деректеріңізді, телефон нөмірін, сондай-ақ жоғалған қаражат сомасын енгізу ұсынылады. Содан кейін әртүрлі нөмірлерден, оның ішінде шетелдік нөмірлерден де агенттер сізге қоңырау шалып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырады және банктік шотыңыз бойынша мәліметтерді алуға тырысады. Қаржылық мониторингі агенттігі жеке тұлғаларға телефон байланысы арқылы да, мессенджерлер арқылы да қоңырау шалмайды. Азаматтардан қырағы болуға, ақпаратты ресми дереккөздермен салыстыруға және алаяқтардың айла-амалдарына алданбауын сұраймыз", - деп ескертті ҚМА баспасөз қызметінің өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!