Қазақстандықтарға жылу үшін төленген 700 миллион теңгеден аса ақша қайтарылады

Монополистер қазақстандықтарға жылу үшін төленген 768 миллион теңгені қайтарады. Қайтарылатын сома ағымдағы жылыту маусымында жеке шоттарда көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Жылумен жабдықтау саласында қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері 2023/2024 жылдары өткен жылыту кезеңіне есептегіш құралдары жоқ болған тұтынушылар үшін 768,2 миллион теңге (ҚҚС қоса алғанда) көлемінде артық төлемді қайта есептеп шығарды.

Артық төленген ең көп сома ШҚО-да тіркелді – 354,5 миллион теңге. Одан кейін Алматы – 95,4 миллион теңге және Маңғыстау облысы – 60,9 миллион теңге. Сонымен қатар, Қызылорда облысында – 38,6 миллион теңге, Ақтөбе облысында – 37,7 миллион теңге, Ақмола облысында – 33,5 миллион теңге және Қостанай облысында – 32 миллион теңге.

Улытау және Қарағанды облыстарының тұтынушылары үшін өзгеше әдіс қолданылады, өйткені жылу энергиясымен қамтамасыз ету реттелетін қызметінің құны сыртқы ауаның нақты температурасына сәйкес есептеледі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) және оның аумақтық бөлімшелері жылу энергиясын есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтері құнына қайта есептеу жүргізді.

"Артық төлем тұтынушылардың дербес шоттарына қайтарылады. Жаңа жылыту кезеңінде (2024/2025 жылдар) немесе ағымдағы күнтізбелік жылда (2024 жылдың аяғына дейін) аванс (артық төлемдерді шегергенде - сальдо) түрінде", - делінген Finprom.kz хабарламасында.

Сонымен қатар, жылу энергиясын есептегіш құралдарын орнату жылу энергиясын тек нақты тұтынған көлем үшін төлеуге мүмкіндік береді, осылайша жылыту маусымында артық төлемдердің алдын алады.

Қазіргі уақытта елдегі көпқабатты тұрғын үйлердің шамамен 75 пайызы есептегіш құралдармен жабдықталған.

Айта кетейік, бұған дейін көпқабатты тұрғын үйде бірнеше пәтер коммуналдық қызметке қарыз болса, тұтас үйді жарықтан айыру қаншалық дұрыс екенін адвокатан сұрап білген едік. 

"Заңға сәйкес коммуналдық мекемелер тұтас үйді жарықтан айыруға немесе басқа қызметтерден ажыратуға құқығы жоқ. Қарызы бар тұрғындарға қатысты шаралар қабылдануы мүмкін, бірақ төлемдерін уақытылы төлеп отырған пәтер иелеріне қатысты қызметті тоқтату заңға қайшы. Коммуналдық мекемелер борышкерлерді жеке негізде жауапкершілікке тартуы тиіс", - деп түсіндірді Альбина Бахтиярқызы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!