- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандықтарға жаңа SMS-хабарлама...
Қазақстандықтарға жаңа SMS-хабарлама келе бастады
ІІМ 21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS-хабарламаларды жіберуді бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Eгер сізге осындай SMS-хабарлама келіп түскен болса, онда ІІМ дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәліметтер жоқ. Сондықтан сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелу қажет. Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты - нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту (әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмау үшін).
Бүгінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан астам уақытқа 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған ("Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 492-бабы). Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі "Электрондық үкімет" порталында, сондай-ақ "Halyk Bank" АҚ-нің - "Halyk Homebank" мобильді қосымшасында қолжетімді.
Сіз өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді порталдағы "жеке кабинетте" (eGov.kz) немесе "eGov mobile" мобильді қосымшасында тексере аласыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина