Қазақстандықтарға арнайы төлем тағайындалатыны рас па?

Әлеуметтік желілерде ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның суретімен жалған жарнама тарап жатыр. Мәтінде Мемлекет басшысы қазақстандықтарға төлемдер тағайындауды тапсырғаны айтылған. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Жалған жарнаманы таратушылар күмәнді сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Қандай сома тағайындалғанын білу үшін адам жеке тұлғаның бірегей нөмірін (ЖСН) енгізуге тиіс. Белгісіз сайттарда жеке деректерді қалдырмаған жөн. Алаяқтар оларды жеке мақсатта пайдаланады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сайтында төлемдер туралы ақпарат болмаған және жоқ.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі де барлық жаңалықты ресми порталда жариялайды. Онда да төлемдер туралы ақпарат жоқ.

Мұндай хабарламаға сенбеген жөн. Бұл - алаяқтардың ісі. Бұған дейін Желіде ҚР Қаржы министрлігі мен Ұлттық қордың атынан төленетін төлемдер туралы осындай фейк ақпараттар тараған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз