БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша есептелген инвестициялық шығын себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қор мәліметінше, 2025 жылғы қаңтарда есептелген инвестициялық кіріс минус 284,86 миллиард теңге болған.
БЖЗҚ мәліметінше, бұл көрсеткіш шетел валюталары бағамы құбылуы мен инвестициялаған қаржы құралдарының нарықтағы құны өзгеруінен пайда болған.
"Негізгі себептері - теңгенің АҚШ долларына шаққанда 525,11-ден 518,14 теңгеге дейін нығаюынан кейін валюталық қайта бағалау, сондай-ақ, Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының (МБҚ) нарықтағы құнының, олардың кірісінің орташа есеппен 40 базистік пунктке өсуі аясында төмендеуі. Сонымен қатар, шетелдік нарықтарда сатып алынған активтердің де нарықтағы құны төмендеді", – деп жазылған хабарламада.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы салымшылар (алушылар) шоттарына бөлінген кірісі 15,66 пайыз, ал осы кезеңдегі инфляция 8,90 пайыз болған.
"2025 жылғы қаңтарда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылар (алушылар) шоттарына бөлінген кірісі (-) 1,25 пайыз болды", – деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22,28 триллион теңге болған. Портфельдің негізгі үлесін Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары алады. Олардың қаңтардағы үлесі 41,40 пайыз болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз