Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтардың тұрмысы неге төмен екенін, халықтың табысы неге өспей жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге журналист "Үкіметтің баяндамасында елімізде экономикалық өсім бары, инфляция төмендеп жатқаны айтылады. Алайда тауарлардың бағасы өсіп жатыр, оған қазақстандықтар шағымданып отыр. Неге Үкіметтің баяндамасы шындықтан алшақ жатыр?" деген сұрақ қойды.
Әлібек Қуантыров бұл мәселені білетінін жеткізді.
"Өкінішке қарай, жоғары инфляция экономика үшін жақсы белгі емес. Екіншіден, кез келген дамып келе жатқан экономикада инфляция бар. Біз қабылдаған шаралардың арқасында инфляцияны тежедік. Егер бұл шаралар болмаса, ол әлдеқайда жоғары болар еді", - деді ведомство басшысы.
Шенеунік Қазақстан экономикасында өсім барын жоққа шығаруға болмайтынын айтты.
"Сіз статистиканы көрсеңіз, халықаралық рейтинг агенттіктері біздің рейтингтерді растайды. Бізде (экономикалық - еск.) жағдай жақсарады деген үміт бар. Біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деді Әлібек Қуантыров.
Халықтың табысының өспеуіне әлемдегі жағдайлар да әсер еткен.
"Коронавирустан кейінгі жағдай, былтыр континентімізде басталған соғыс, геосаяси қақтығыстың ушығуы. Олар экономикалық өсімге, оның ішінде Қазақстанға да теріс әсерін тигізеді. Сондай-ақ, Қазақстан теңізге шыға алмайтын мемлекет болып саналады. Мұндай катаклизмдер болған кезде бізге сауда жасау қиын. Сондықтан Қазақстан экспорттық бағыттарын әртараптандыруға жол іздейді. Біз саяси, экономикалық реформалармен, оның ішінде жаңа Салық кодексімен жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, мұнда тек негатив көрсетудің қажеті жоқ. Себебі ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Ол бәріне көрінбеуі мүмкін", - деді министр.
Қуантыров экономикаға байланысты әлеуметтік желілердегі жағымсыз пікірлерге қатысты пікір білдірді.
"Әрине, жағдайды бақылаймыз, мұны білеміз. Себебі нақты жағдайды көруіміз керек. Сондықтан мен өңірлерді аралаймын, халықпен, әсіресе, ауыл тұрғындарымен кездесемін. Біз нақты жағдайды көріп, оларға көмектесуге тырысамыз. Үкіметке белгілі бір деңгейде сенім болуға тиіс. Негізінен біздің басты міндетіміз - халықтың өмір сүру деңгейін көтеру", - деді Қуантыров.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз