Қазақстандықтардың тұрғын үй алуға кезегі жылжуы мүмкін

Қазақстандықтардың тұрғын үй алуға кезегі жылжуы мүмкін
Фото: wirestock / Freepik

Кейбір қазақстандықтардың тұрғын үй алуға кезегі жылжуы мүмкін. Өйткені талапқа сай келмейтін кандидаттар тізімнен шығарылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, кезектен 233 мың адам шығарылады. Кейбір кандидаттар жеке тұрғын үй алып қойған, ал басқалары құжат тапсыру кезінде қате жіберген. Бүгінге дейін әкімдік кезекте тұрғандар тізімінен 10 мың адамды шығарып үлгерген. Ал кейбір қазақстандықтар арман болған пәтерді әлі де күтіп жүр, кейбіреулері 10 жыл немесе одан да ұзақ күтеді.

"233 мыңға жуық адамның өтініші талапқа сай келмейтіндіктен, тізімнен алып тасталады. Әкімдік жұмысты бастап, 10 мыңға жуық адамды кезектен шығарып үлгерді. Бір кандидатты кезектен шығарған кезде, тиісінше, келесі тұрған адамның кезегі алға жылжиды, яғни олар тезірек баспана алады", - деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті басқармасының сарапшысы Самат Бекжігіт.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, кейінгі 10 жылда тұрғын үйге кезекте тұрғандар саны алты есе артқан. Бүгінде тізімде 600 мыңнан аса адам бар. Билік кезекте тұрған, бірақ талапқа сай келмейтін адамдардың мәселесін цифрландыру арқылы шешкісі келеді.

"Кезекте тұрғандарды жергілікті атқарушы органдардан "Отбасы банкіне" бергіміз келеді. Бұл кезекте тұрған әр адам жеке кабинеті арқылы екінші тараптың көмегінсіз кезегі қандай екенін көруіне көмектеседі. Халық тұрғын үйді бөлу кезінде заңбұзушылық тіркелді деген жағдайлар болғандықтан, жергілікті тұрғын үй комиссиясын алып тастаймыз", - деді Мәжіліс депутаты Лұқбек Тумашинов.

Айта кетейік, мемлекет жыл сайын мұқтаж жандарға 25 мыңға жуық пәтерді жалға және несиеге береді. Сонымен қатар, тамызда осы салаға жауапты министрлік (ол кезде ИИДМ - еск.) тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін адамдар арасында өз баспанасы барлар болғанын, тіркелген жері олар кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейтінін, тіркеусіз немесе Қазақстан азаматтығы жоқ адамдар, қайтыс болғандар бар екенін хабарлаған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә