Қазақстандықтардың Шри-Ланкаға бару тәртібі жеңілдей түсті

Қазақстандықтар Шри-Ланкаға алдын ала электронды кіру рұқсатын (ETA) рәсімдемей-ақ бара алады. Мұндай шешімді елдің Иммиграция және эмиграция департаменті электронды рұқсат жүйесінің ресми сайтындағы техникалық жұмыстарға байланысты уақытша қабылдады. Енді жолаушылар, соның ішінде қазақстандықтар рейске алдын ала мақұлданған ETA-сыз міне алады, ал қажетті құжаттарды жеткен бойда алуға болады, деп хабарлайды Massaget.kz Tengri Travel-ға сілтеме жасап.

Бұл жеңілдік барлық шетелдікке бірдей қатысты емес және келесі хабарламаға дейін күшінде болады. Бұл туралы Шри-Ланканың Иммиграция және эмиграция департаментінің хабарламасында айтылған.

Кіру талабы неге өзгерді?

Мекеме мәліметінше, шетел азаматтары жол жүруге электронды рұқсат рәсімдейтін Electronic Travel Authorization (ETA) жүйесінің сайты техникалық қызмет көрсету жұмыстарына байланысты уақытша істемейді.

Саяхатшыларға қосымша қиындықтар туғызбау үшін билік Шри-Ланкаға баратын рейстерге жолаушыларды жіберу тәртібін уақытша өзгертуге шешім қабылдады.

"Қалыптасқан жағдайды ескере отырып және Шри-Ланкаға бет алған жолаушыларға қолайсыздықтарды барынша азайту мақсатында, департамент жолаушыларға алдын ала ETA мақұлдауынсыз рейске мінуге уақытша рұқсат беру туралы шешім қабылдады", - делінген ресми хабарламада.

Бұл ереже жүйе жұмысы қалпына келгенше және құжаттарды рәсімдеудің бұрынғы тәртібіне қайта оралғанша қолданылады.

Ұшып барған соң қандай құжаттар алу қажет?

Жаңа талапқа сәйкес, саяхатшылар ETA немесе қонақ визасын Шри-Ланкаға ұшып барғаннан кейін ала алады. Құжаттарды Бандаранаике халықаралық әуежайында (BIA) немесе басқа да тиісті кіру пункттерінде рәсімдеуге болады.

Департамент елге келетін барлық шетелдік бұрынғыша стандартты иммиграциялық бақылаудан өтетінін атап өтті.

"Тиісті жолаушыларға иммиграциялық тексерудің әдеттегі рәсімдері, сондай-ақ қолданыстағы барлық визалық талап пен Шри-Ланкаға келген кезде ETA рәсімдеу талабы қолданылады", - деп нақтылады мекеме.

Жеңілдік қай елдердің азаматтарына қатысты қолданылады?

Уақытша рұқсат мына жеті мемлекеттің азаматтарынан басқа, барлық елдің жолаушыларына қатысты:

Пәкістан;
Камерун;
Нигерия;
Кот-д’Ивуар;
Гана;
Ауғанстан;
Сирия.

Жаңа тәртіп аясында бұл елдердің азаматтарына алдын ала мақұлданған ETA-сыз рейске мінуге рұқсат етілмейді.

Қазақстан бұл тізімге енбегендіктен, ел азаматтары уақытша жеңілдікті пайдалана алады.

Бұрынғы талаппен салыстырғанда не өзгерді?

Бұған дейін Шри-Ланканың Иммиграция және эмиграция департаментінің мәліметінше, визасыз елдердің туристері де сапар алдында электронды рұқсат алуы тиіс болатын.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 25 мамырдан бастап 40 мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның азаматтары 30 күнге туристік визаны (ETA) тегін рәсімдеуге құқылы болды.

Сондай-ақ бұл тізімге Аустралия, Германия, Үндістан, Қытай, Жапония, Малайзия, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ және басқа да бірқатар ел кірді.

Тегін рұқсат дипломатиялық, қызметтік, ресми және кәдімгі паспорт иелеріне беріледі.

Бұл ретте бұрынғы талап бойынша осы 40 мемлекеттің азаматтары да ETA-ны алдын ала алуы керек еді. Яғни, тегін рәсімдеу Шри-Ланкаға электронды рұқсатсыз баруға болады дегенді білдірмейтін.

Бағдарлама шарты бойынша туристік виза 30 күнге жарамды және оның қолданылу мерзімі ішінде елге екі рет кіруге мүмкіндік береді. Егер саяхатшы ұзағырақ қалғысы келсе, белгіленген алымды төлеп, визаны ұзартуға өтініш бере алады.

Енді электронды жүйенің уақытша істен шығуына байланысты тәртіп өзгерді: Қазақстан азаматтарына ETA-ның алдын ала мақұлдануын күтпей-ақ, қажетті құжаттарды барған бойда рәсімдеуге рұқсат берілді.

Бұрынғы рәсімдеу тәртібі қашан қайтарылады?

Шри-Ланканың Иммиграция және эмиграция департаменті ETA жүйесі толық қалпына келгеннен кейін саяхатшыларға қосымша ақпарат беретінін хабарлады.

"Департамент ETA жүйесінің жұмысы толық қалпына келгені және әдеттегі рәсімнің қайта басталғаны туралы хабарлайды", - делінген хабарламада.

Бұл уақытқа дейін Қазақстан мен шектеу тізіміне енбеген басқа да елдердің азаматтарына Шри-Ланкаға алдын ала мақұлданған электронды рұқсатсыз баруға мүмкіндік беретін уақытша тәртіп күшінде қалады.

Маңызды: саяхатшылар бұл техникалық жұмыстарға байланысты енгізілген уақытша шара екенін ескеруі тиіс. Бұл визалық талаптар мен иммиграциялық бақылауды жоймайды. Сапар алдында Шри-Ланка билігінің өзекті хабарламаларына сүйеніп, ETA немесе қонақ визасын тікелей бару пунктінде рәсімдеуге дайын болу қажет.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз