Қазақстандықтардың шетелде жұмысқа орналасуы жеңілдеуі мүмкін

Қазақстандықтардың шетелде жұмысқа орналасуы жеңілдеуі мүмкін
Фото: pixabay.com

Қазақстандықтардың шетелде жұмысқа орналасуы жеңілдеуі мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан аса азамат шетелде еңбек етіп жүр.

"Түркиямен, БАӘ-мен, Ұлыбританиямен және басқа елдермен Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жаңа келісімдер орнатуға бастамашылық жасау жөнінде қосымша шаралар қабылдадық", - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Министр Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды түрде жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанды "еңбекке рұқсат беру жүйесіне" (Employment Permit System - EPS) қосу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

Айта кетейік, көптеген қазақстандық шетелден табыс іздеп елден кетіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық рекордшы Ильдар Ягьяев Ұлыбританияда қырыққабат теріп жүргені хабарланған болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова