Қазақстандықтардың салымдары бойынша өтемақының жалпы сомасы аталды

Қазақстандықтар 304,4 миллиард теңгеге депозиттер бойынша өтемақы алуға өтінім берді. Бұл туралы Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорынан мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"20 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеуге 304,4 миллиард теңгеге өтініштер қабылдады. Бұл - мемлекет тарапынан төленуге жататын өтемақының әлеуетті сомасының 92,3 пайызы", - деп хабарлады ҚДКБҚ.

Барлығы 5 миллионнан аса депозитордың салымдары өтеледі. Статистика бойынша, 1 миллион теңгеден аса сомаға депозиті бар азаматтардың 94 пайызы өтемақы алуға өтініш берген.

"Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банкі әзірлеген бағдарламаның Қағидаларына сәйкес келетін барлық депозиттерге, олардағы ақша қалдығының мөлшеріне қарамастан, сыйлықақы есептелетінін еске салғымыз келеді. Банктерге барып, өтемақы алуға келісімін әлі растамаған депозиторлар соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылғы 10 ақпанына дейін келісімін растай алады. Өтінішті банктердің бөлімшелерінде немесе мобильді қосымша арқылы онлайн түрінде беруге болады. Банктер өтемақыны 2023 жылғы 23 ақпанынан кейін төлей бастайды. 10 пайыздық өтемақы есептелуі мүмкін максимал сома - бір банкте 20 миллион теңге", - деді ҚДКБҚ төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

ҚДКБҚ мәліметінше, өтемақы алудың басты шарты - салым соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпанына дейін сақталуы тиіс. Өтемақы депозитте жыл барысында сақталған ең аз сомаға есептелетін болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!