Қазақстандықтардың Ресейге баруына шектеу жоқ - СІМ

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан азаматтары Ресейге емін-еркін бара алатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында журналист өзекті мәселені көтеріп, сұрақ қойды.

"2024 жылғы 22 наурызда Ресей астанасы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында теракт болды. Осыдан кейін Тәжікстан азаматтарының Ресейге кіруі қиындады. Тәжістан Сыртқы істер министрлігі болған жағдайға түсінік берді. Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі де өз азаматтарын РФ-ға бармауға шақырды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі неге үнсіз? Қазақстандықтар Ресейге бара ала ма, қиындық туындамай ма?", - деді БАҚ өкілі.

Айбек Смадияров екі ел арасындағы жағдай тұрақты екенін атап өтті.

"Достық, одақтастық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас көп қырлы мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі болып саналады. Сондықтан біз Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада қандай да бір проблеманы көріп отырған жоқпыз. Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттары жергілікті билік, РФ Сыртқы істер министрлігі және шекара қызметімен үнемі байланыста.
Егер де (Ресейдің күштік құрылымдары – автор) Қазақстан азаматтарын тоқтатып, құжаттарын тексерсе, бұл тек қауіпсіздік мәселесі болып саналады. Былай үлкен мәселе туындап жатқан жоқ", - деді ол.

Ресми өкіл қазақстандықтар Ресейге барса, заңға бағыну керегін жеткізді.

"Әрине, шекара ашық. Азаматтар емін-еркін барып, сол елдің заңын сақтаса, ережесін сақтаса, ешқандай проблема туындамайды", - деді ол.

Еске салайық, биыл 22 наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіден 144 адам қаза тауып, 551 адам зардап шекті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!