Қазақстандықтардың орташа жалақысы белгілі болды

Қазақстандықтардың орташа жалақысы белгілі болды

2024 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа жалақысы қаншаға өсті? Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметінде айтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2024 жылғы II тоқсанда жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) бағалау бойынша 278 296 теңге болды.

Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы II тоқсанда 403 251 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім – 10,3%, нақты мәнде 1,7% өсті.

"2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 23,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,5% жылжымайтын мүлікпен операциялар – 21,1% салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы 7,2%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 5,6%-ға өсті. Дей тұра, инфляцияны есепке алғандағы нақты мәндегі жалақы көлемі былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда бес салада керісінше төмендеу көрсеткен: әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 8,7%, мемлекеттік басқару және қорғаныста – 3%, денсаулық сақтауда – 2,7%, білім беруде – 1,2%, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 0,4%", - делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметте.  

Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы қаласында – 14,3%-ға,  Ақтөбе облысында – 14%-ға, Павлодар облысында – 12,9%-ға байқалды.

Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы II тоқсанда 2 есе болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан