Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмарал Әлназарова ведомствоның жұмысы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндады. Ведомство басшысы қазір өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асатынын айтты. Жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендеген.
Министрдің сөзінше, вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Әлназарова медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылғаны туралы есеп берді.
Алғашқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралып жатыр. Министр диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келе жатқанын,
дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етіліп жатқанын айтты. Бұдан бөлек медициналық мекемелер жұмысының тиімділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бақылауды жақсарту үшін заманауи цифрлық технологиялар әзірленген. Олар қолданысқа енгізіліп жатыр.
Министр денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы ақпарат берді. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар, медициналық көмек көрсетудің мейілінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!