Қазақстандықтардың Конституциялық реформаға көзқарасы қандай? Cауалнама

Қазақстан азаматтары қаңтардағы ең маңызды оқиғалар мен реформаларды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаңтардағы ең маңызды оқиғалар қандай?

"Қоғамдық пікір" зерттеу институты биыл қаңтарда ел азаматтары арасында сауалнама жүргізген. Зерттеу нәтижесінде респонденттердің 32,7 пайызы айдың ең маңызды оқиғасы ретінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайды атаған. Екінші орында Салық кодексінің күшіне енуі тұр (30,7 пайыз).

Сонымен қатар, қазақстандықтар спорттық және мәдени жетістіктерді де назардан тыс қалдырмаған. Респонденттердің 18,3 пайызы әлемнің үш дүркін чемпионы атанған шахматшы Бибісара Асаубаеваның жетістігін, ал 9,3 пайызы қазақстандық теннисші Александр Бубликтің жетістігін және басқа да спорттық жетістіктерді атаған.

"Қоғамдық пікір" зерттеу институтының пікірінше, азаматтардың әлеуметтік-саяси өзгерістерге назар аударуының басты себебі - реформаларды уақтылы рефомалар ретінде қабылдауы. 79 пайыз респондент осындай пікір білдірген. Олардың 48,2 пайызы реформаларды "уақтылы деуге болады" десе, 30,8 пайызы "толықтай уақтылы" деген.

Халық бір палаталы Парламентке өту, вице-президент лауазымын енгізу туралы не ойлайды?

Сауалнама нәтижесі бойынша бір палаталы Парламентке өту (31,1 пайыз), вице-президент лауазымын енгізу (21,6 пайыз), Халық кеңесін құру (20,1 пайыз), сондай-ақ, жалпы конституциялық реформаны өткізу (15,2 пайыз) респонденттер тарапынан ең маңызды, әрі естеқаларлық реформалар ретінде анықталып отыр.

Сонымен қатар, зерттеу нәтижесі қоғамның бір бөлігінің әлеуметтік-саяси талқыдан тыс қалып отырғанын көрсеткен. Мысалы 24,4 пайыз респондент Ұлттық құрылтай туралы ештеңе білмейтінін айтқан.

Азаматтар алдағы реформалардан не күтеді?

Азаматтар алдағы реформалардан не күтетінін анықтауға арналған сауалнама мынадай нәтиже көрсеткен:

  • мемлекет пен халық арасындағы диалогті кеңейту (32,3 пайыз);
  • мемлекеттік басқару сапасын жақсарту (23,3 пайыз);
  • бүгінгіден де тұрақты саяси жүйені қалыптастыру (18,9 пайыз);
  • елдің Тәуелсіздігін нығайту (17 пайыз);
  • мемлекет пен қоғам арасындағы диалогті кеңейту (12,1 пайыз);
  • Парламенттің рөлін күшейту (11,3 пайыз);
  • демократияландыруды одан әрі тереңдету (9,3 пайыз).

Сауалнамаға қатысушылардың едәуір бөлігі конституциялық реформалар жүргізілуін жеке тұрмыс деңгейі жақсаруымен тікелей байланыстырған. 65,1 пайыз респондент реформалар олардың өмірі мен тұрмыс деңгейін жағымды жаққа өзгертеріне сенімді: 34 пайыз респондент "иә, сөзсіз", ал 31,1 пайызы "көбінде иә" деген жауап берген. 

Азаматтар Жаңа Парламенттен не күтеді?

Жаңа Парламенттен азаматтар бірінші кезекте ашықтық, нәтижелі жұмыс және халықпен белсенді диалогті күтеді. Респонденттер Құрылтай депутаттары халыққа жиі құлақ асады (37,8 пайыз) және адамдардың өмірін жақсартатын шешім қабылдайды (32 пайыз) деген үмітін білдірген.

Сонымен қатар, қазақстандықтар жаңа Парламенттен жаңа саяси тұлғалар пайда болуын (11,1 пайыз), қоғамдық талқылаулар мен оларға халық көбірек қатысуын (6,2 пайыз), заң шығарушы органның ықпалы күшеюін күтеді (6 пайыз).

Азаматтар Халық кеңесінен не күтеді?

Құрамына этномәдени бірлестіктер, мәслихаттар, қоғамдық кеңестер мен ҮЕҰ өкілдері кіреді деп жоспарланып отырған жаңа жоғары консультативтік орган - Халық кеңесінен азаматтар не күтеді десек, респонденттердің басым көпшілігінің пікірінше (66,2 пайызы), бұл кеңес барлық азаматтың мүддесін тең дәрежеде қорғайды.

Респонденттердің едәуір аз бөлігі Халық кеңесі жеке топтардың қызығушылығына бағытталады деп есептейді: 8,8 пайызы Мәслихатты, 7,3 пайызы ірі қоғамдық бірлестіктерді, 5 пайызы аймақтық қоғамдық кеңестерді, 4,8 пайызы этномәдени бірлестіктерді белгілеген.

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым көпшілігі алдағы конституциялық реформаны қолдайтынын білдірген. Бұл - респонденттердің 78,4 пайызы, олардың 40,1 пайызы реформаны "көбіне қолдайды", ал 38,3 пайызы "толық қолдайды". "Қоғамдық пікір" зерттеу институты пікірінше, бұл көрсеткіштер реформа уақтылы әрі қоғам тарапынан сұранысқа ие екенін растайды.

Айта кетейік, сауалнама 2026 жылғы 24-28 қаңтар аралығында телефон арқылы жүргізілген. Сауалнамаға қатысқандар саны - 1 200 респондент. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!