Қазақстандықтардың қандай мемлекеттік қызметшілерге көңілі толады?

Қазақстандықтардың жартысынан көбі мемлекеттік қызметшілер арасынан тек жедел жәрдем мен өртсөндірушілерге қанағаттанарлық баға берген, - деп хабарлайды Finprom.kz.

Қазақстандықтар мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін былтырға қарағанда, жоғары бағалаған.

Жедел медициналық көмек орталығы көрсететін қызмет сапасына толық қанағаттанған қазақстандықтардың үлесі 54,6 пайыз, өртсөндіру қызметіне қанағаттанған қазақстандықтардың үлесі 50,2 пайыз болған.

Бұл ретте полиция көрсететін қызмет сапасына қанағаттанған қазақстандықтардың үлесі 43,7 пайыз, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына 43,3 пайыз, салық қызметіне 43 пайыз, басқа мемлекеттік қызметкерлерге 39,9 пайыз болған.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына толық қанағаттанған респонденттер үлесі ауылдық жерде қалаларға қарағанда көп болған. Мәселен, жедел медициналық көмек орталығы қызметіне ауыл тұрғындарының 56,9 пайызы, ал қалалықтардың 53,3 пайызы, салық қызметіне ауыл тұрғындарының 49,6 пайызы, қалалықтардың 39,5 пайызы, ХҚКО-ларға ауылдықтардың 48,7 пайызы, қала тұрғындарының 40,4 пайызы, полицияға ауыл тұрғындарының 48,5 пайызы, ал қалалықтардың 41,1 пайызы қанағаттанған.

Өрт қызметі ауыл мен қалада бірдей бағаланған. Ауыл тұрғындарының 50,3 пайызы және қала тұрғындарының 50,1 пайызы қанағаттанарлық деңгейде деп бағалаған.

Салық қызметін респонденттердің 2,8 пайызы (2021 жылы - 2,9 пайыз), ХҚКО-ларды 2,6 пайызы (2021 жылы - 3,3 пайыз), жедел медициналық көмек орталықтарын 2,5 пайызы (2021 жылы - 2,7 пайыз), өртсөндіру қызметін 1,5 пайызы (2021 жылы - 1,7 пайыз) төмен бағалаған.