- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандықтардың биылғы орташа...
Қазақстандықтардың биылғы орташа жалақысы белгілі болды
Қазақстандықтардың биылғы орташа жалақысы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросы деректеріне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросы сәуірде толық жұмыс істеген қызметкерлерді қамтып, зерттеу жүргізген. Зерттеуде барлық қосымша ақы, үстемеақы, сыйақы, салық пен зейнетақы аударымы ескерілген.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша сәуірде толық жұмыс істеген қызметкерлер саны 3 437,3 мың адам болған. Оның ішінде ерлер (1 683,8 мың адамды) 49 пайыз, әйелдер (1 753,5 мың адамды) 51 пайызды көрсеткен.
Орташа айлық жалақы, яғни 70 000 теңгені қызметкерлердің жалпы санынан 1,5 пайызы, 70 000-нан 150 000 теңгеге дейін 22,8 пайызы, 150 000-нан 300 000 теңгеге дейін 36,2 пайызы, 300 000-нан 600 000 теңгеге дейін 30,8 пайызы, 600 000-нан 900 000 теңгеге дейін 5,5 пайызы, 900 000-нан 1 200 000 теңгеге дейін 1,7 пайызы, 1 200 000 теңгеден 1 500 000 теңгеге дейін 0,6 пайызы, 1 500 000 теңгеден жоғары жалақыны 0,9 пайызы алған.
Сондай-ақ, бюро қызметкерлері жалақының медианалық мәнін есептепті. 2023 жылы оның мөлшері 251 356 теңге болған (2022 жылы 204 149 теңге болған еді).
Айта кетейік, медиана - барлық жалақы мөлшерін өсу ретімен орналастырғандағы тізімнің орталық мәні, нәтижесінде барлық жұмысшының жартысы одан көп, ал екінші жартысы одан аз алады деген сөз.
Бұдан бөлек, қызметкерлер жалақысының модальді мәні 81 377 теңге болады. Бұл - жұмысшылар арасында неғұрлым жиі кездесетін жалақы мөлшері.
Сонымен қатар, орта білімі бар қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 230 841 теңге, жоғары білімі барларда 398 214 теңге және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барларда 505 170 теңге болған.
Қызметкерлердің жас ерекшелігіне қарай 16 жастан 24 жасқа дейінгілердің орташа айлық жалақысы 223 165 теңге, 25-тен 28 жасқа дейінгілерде 284 278 теңге, 29-дан 34 жасқа дейінгілерде 324 276 теңге, 35-тен 44 жасқа дейінгілерде 356 082 теңге, 45-тен 54 жасқа дейінгілерде 330 626 теңге, 55-тен 64 жасқа дейінгілерде 305 319 теңге, 65-тен жоғарылардікі 284 378 теңге болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова