Қазақстандықтардың 6,3% ғана зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады

БЖЗҚ салымшыларының 6,3 пайызы немесе 720 мың адам ғана зейнетақы жинағын үй алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына бере алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Tengrinews.kz тілшісі жолдаған сауалға берген жауабында айтылады.

2020 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша БЖЗҚ-да 11,5 миллион салымшы бар. 136,1 салымшының жинағы жоқ (жеке зейнет есебі нөлге тең).

"Оның 6,3 пайызы (720 мың адам) осы шарттарға сәйкес келеді", - деді Еңбек министрлігіндегілер.

Министрлік мәліметінше, зейнетақы жинағының бір бөлігін 2021 жылдан бастап алуға болады. Ол ақшаны тұрғын үйге қатысты мәселелерге немесе ем алуға жұмсауға болады.

Министрлік мәліметінше, әр жастың өз "жеткіліктілік шегі" болады. Бұл әзірше болжам бойынша жасалған сандар. Адамның жасы ұлғайған сайын оның БЖЗҚ шотындағы ақша да көбеюі керек. 

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу кезінде сома бойынша белгілі бір шектеулер қойылмайды. Яғни ол адам БЖЗҚ шотында белгілі бір соманы жинап, ондағы ақшаны үй алу үшін шешуі мүмкін, ал біраз уақыт соң үйді жөндеу үшін тағы бір бөлігін ала алады дейді министрліктегілер.