Қазақстандықтар зейнетақы жинағын басқару стратегиясын таңдай алатын болды

Зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) берген салымшылар енді өз жасына және тәуекелге дайындығына қарай инвестициялау стратегиясын таңдай алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыған қатысты қаулы қабылдады, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Бұған дейін әрбір ИПБ барлық клиент үшін бір ортақ портфель қалыптастыратын. Жаңа өзгерістер бойынша басқарушылар салымшыларға үш портфельге дейін ұсына алады.

Консервативті

Жасына қарамастан барлық салымшыға қолжетімді.

Негізінен облигацияларға бағытталады. Нәтижесі жыл сайын бағаланады.

Қалыпты

Зейнетке шығуына 3 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған.

Акциялар мен облигацияларды біріктіреді. Нәтижесі 3 жылда бағаланады.

Тәуекелді

Зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған.

Негізінен акцияларға бағытталады. Ықтимал табысы да, тәуекелі де жоғары. Нәтижесі 5 жылда бағаланады.

Зейнетке дейінгі уақыт неғұрлым ұзақ болса, салымшының нарықтағы ауытқуларды еңсеру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Зейнет жасы жақындаған кезде жинақты сақтау басты басымдыққа айналады.

Кіріс қалай бағаланады?

Әр портфель үшін Қазақстан және әлем нарығындағы акциялар мен облигациялардың жиынтық индексіне негізделген бағдар және ең төменгі кірістілік белгіленеді.

Консервативті портфель 90%
Қалыпты портфель 85%
Тәуекелді портфель 80%

Егер басқарушының нәтижесі белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болса, айырманы салымшыларға өз капиталы есебінен өтейді.

Шетел валютасындағы инвестицияға қойылатын шектеу

40%-ға дейін
консервативті
70%-ға дейін
қалыпты
80%-ға дейін
тәуекелді

Жинақты қалай бөлуге болады?

Зейнетақы жинағын бірнеше басқарушыға немесе бір басқарушының бірнеше портфеліне бөлуге болады. Бір басқарушының басқа портфеліне БЖЗҚ сайты арқылы жылына бір рет ауысуға мүмкіндік беріледі.

Салымшының жасы таңдаған портфель талаптарына сәйкес келмей қалса, БЖЗҚ қаражатты сол басқарушының қолайлы портфеліне автоматты түрде аударады. Ондай портфель болмаған жағдайда салымшыға басқа басқарушыны таңдау немесе жинағын Ұлттық Банктің басқаруына қайтару мүмкіндігі беріледі.

Әр портфельдің қаражаты кастодиан-банктегі бөлек шотта есепке алынады. Басқарушы әр портфельдің нәтижесіне жеке жауап береді.

Басқарушы портфельді бағалау кезеңі аяқталғаннан кейін ғана жаба алады. Ол бұл туралы бір жыл бұрын ескертіп, қажет болса, ең төменгі кірістілікке дейінгі айырманы салымшыларға өтеуге тиіс.

Анықтама: Кастодиан - клиенттердің бағалы қағаздарын, ақшасын немесе цифрлық активтерін қауіпсіз сақтап, олардың есебін жүргізетін мамандандырылған ұйым. Көбіне бұл қызметті банктер мен қаржы ұйымдары атқарады.

ИПБ басқаруында қанша қаражат бар?

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинағының 100%-ына дейін ИПБ басқаруына бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50% болатын.

6 ИПБ
зейнетақы активтерін басқарады
205,8 млрд теңге
басқарудағы қаражат
208 мыңнан аса
салымшы

Қазір зейнетақы активтерін "Alatau City Invest" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Halyk Global Markets" АҚ, "Halyk Finance" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ және "Tansar Capital" АҚ басқарады.

Жаңа мүмкіндік зейнетақы жинақтарының ұзақмерзімді кірістілігін арттырып, басқарушылар арасындағы бәсекені күшейтеді деп күтіледі.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.